«Репродуктивті денсаулық» түсінігі «репродукция» (латынның reproduction - сөзі – жаңғыру, яғни табиғаттың қалауымен бала табу мүмкіндігі) сөзінен алынған.

 

Репродуктивті денсаулық – бұл тек аурулардың жоқтығы ғана емес, сондай-ақ, ұрпақ жаңғырту мен отбасы үндестігін қоса алғанда, репродуктивті жүйеге қатысты физикалық, психикалық және әлеуметтік толық саулықтың да болуы жайындағы барлық мәселелер.

Кез-келген тірі жанның тіршілік етуі тек ұрпақ ауыстыру мен жаңғырту арқылы ғана болуы мүмкін. Бұл жерде адамды айтпай кету мүмкін емес. Адамзат тарихы үздіксіз ұрпақ алмастырумен сипатталып келеді.

Егер барлық тіршілік иелерінің жаңғыруы мен ұрпақ ауыстыруы биологиялық  бағдарламалардың негізіне және сыртқы жағдайларға тәуелді болса, онда  ақылмен үлестелген адам биологиялық бағдарламалардың жүзеге асуына әсер етуі мүмкін, яғни, қоғамның әлеуметтік талаптарын ескере отырып, туылуды ғана қамтамасыз етіп қоймай, ұрпаққа қажетті тәрбиені де қамтамасыз ете отырып, жаңғырту жүйесін басқарады.

Ер адамдар мен әйел адамдар осындай мәселелерден хабардар болуға және жүктілік пен босанудың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін, денсаулық сақтау саласының көрсететін қызметтеріне қолжетімділікпен қатар, экономикалық тұрғыдан лайықты, тиімді, қауіпсіз ақпараттарға қол жеткізуге және олардың қалауы бойынша туылуды реттеу әдісіне де тең құқылы.

Репродуктивті кезең – ағзаның физиологиялық мүмкіндіктері тұрғысынан баланың туылуы мүмкін болатын 15 пен 49 жас аралығы. Дегенмен, дені сау баланың туылуы көбіне, әлеуметтік – экономикалық жағдайға, психологиялық кемелденуге, материалдық мүмкіндіктерге байланысты екендігі сөзсіз.

БДҰ-ның анықтауы бойынша, сексуалды денсаулық – бұл ауру-сырқаудан, жұмысқа жарамсыздықтан, зорлықтан және т.б зиянды әдеттерден аулақ, сексуалды мінез-құлық пен жауапкершілікті қарым-қатынас және де жақсы сексуалды дамуды қоса алғандағы репродуктивті денсаулықтың бір бөлігі. Сексуалдық денсаулық – жыныстық қатынастар мен сексуалдыққа құрметпен және дұрыс қараумен, сонымен қатар, зорлық пен шеттетушілікпен, күштеуден еркін болатын, қауіпсіз жыныстық өмірдің болуын талап етеді.

Сексуалды денсаулықты қолдау және оған қол жеткізу – адамдарға тән «сексуалдық құқықты» құрметтеу, сақтау және қорғаумен тығыз байланысты.

 

Репродуктивті денсаулыққа әсер ететін факторлар:

·        Жасөспірімдердің жыныстық тәрбиесі;

·        Дұрыс тамақтану;

·        Жүктілік, босану мен босанудан кейінгі кезеңдерде сапалы және уақытылы медициналық қызмет көрсету;

·        Жыныс мүшелері ауруларының алдын алу мен емдеу;

·        Отбасын жоспарлаудың қазіргі заманғы әдістерін кеңінен қолдану;

·        Жаңа туылған және жасы кіші балалардың денсаулығына қамқор болу;

·        Отбасын жоспарлау бойынша білім, кеңес беру және қызмет көрсету;

·        Қажетсіз жүктіліктің алдын алу;

·        ЖЖБЖ, АИТВ/ЖИТС – тің алдын алу және емдеу;

·        Жауапты ата – аналық парыз бойынша кеңес беру және ақпараттандыру;

·        Өмір шарттары: әлеуметтік, тұрмыстық, экологиялық;

·        Отбасындағы моральдық – психологиялық ахуал.

Ендеше, денсаулық мемлекеттегі адам ресурстарының дамуымен байланысты маңызды медициналық және әлеуметтік дәрежеде болып табылады. Денсаулықты құрайтын негізгі шарттардың қатарына репродуктивті денсаулық та кіреді. Бала табу жасындағы адамдардың денсаулығы, олардың ұрпақ жаңғыртуға қабілеттілігі, қауіпсіз ана болу мүмкіндігі – халық денсаулығының негізгі аспектілері.

Сондықтан да ағайын, денсаулықтарыңыз мықты болсын!