ЖИТС-пен науқастанудан сақтанудың маңызды шаралары мыналар: әлеуметтік, халықаралық, мемлекеттік шаралар, жеке басты қорғауға бағытталған шаралар.

Профилактиканың басты міндеті – ЖИТС тасымалдаушыларды анықтап, жұғу арнасын сенімді түрде жауып тастау. Осы мақсатта көптеген елдерде мынадай шаралар жүргізіліп жатыр: халықтың (тұрғындардың) кейбір топтарын сөзсіз және жоспарлы түрде лабораториялық тексеруден өткізу; донорлық, қанды, сперманы, органдарды тексеру; гемофилиямен ауыратындарды, нашақорларды, гомосексуалистерді, жезөкшелерді тексеру; ауырғандарды арнайыауруханаға жатқызу және емдеу; сенім телефондарын ұйымдастыру; ЖИТС-пен ауырғандарға консультация және көмек беретін комиссия жұмысын ұйымдастыру; диагностикалық орталықтар, кабинеттер және т.б. Тұрғындар арасында ЖИТС жөнінде санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізудің ерекше маңызы бар. Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс.

Жеке бас профилактикасы қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Оларға мыналар жатады: салауатты, әдепті өмір сүру; кездейсоқ жыныстық қатынастан және гомосексуалист, жезөкшелермен жақындасудан сақ болу (жыныстық партнер көп болған сайын ЖИТС жұқтыру қаупі арта түседі; стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау; әсіресе терісі, шырышты қабаттары зақымданған жағдайда бөтен біреудің қанымен, бөлінділерімен жанасудан абай болу; презервативті дұрыс пайдалану (ол ЖИТС-тен қорғайды); қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың АИВ-ке тексерілгеніне көз жеткізу (ол үшін қолданылған қанның сериялық номерін жазып алыңыз); маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіл аудару; ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну.

Кез-келген азамат АИТВ-инфекциясының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін Облыстық ЖИТС орталығына келіп тексерілуіне болады. ЖИТС-көп жағдайда өлімге соқтыратын аса қатерлі вирустық дерт. Қорыта айтқанда, әдепті өмір сүріп, отбасы бірлігі берік болса, арақ-шарап ішіп, наша тартудан, кездейсоқ жыныстық жақындасудан аулақ болса, әрбір адам өзін-өзі ЖИТС-тен қорғай алады.

 

ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының

мейірбикесі Нұрасылова Сара Жолдасқызы