Салауатты өмір салтын сақтайық
Болашаққа нақты қадам басайық 

АИТВ-жұқпасы адамзат алдында тұрған жаңа және қиын мәселе. Өйткені ол еңбекке қабілеттілер мен босану жасындағы әйелдердің өміріне дақ түсіретіндігі анық. Ол тек медициналық қана емес, әлеуметтік мәселе. Соңғы жылдары жер шары халықтарының назарын ЖИТС (жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы) дерті алуда. Өкінішке орай, қазіргі уақытқа АИТВ-ға қарсы тиімді вакцина әзірленбеген, сол себепті АИТВ-жұқпасымен науқастанғандардың медициналық көмекке уақытылы жүгінбеуінің соңы өлімге әкеліп соқтырады.
АИТВ (адамның иммунитет тапшылығының вирусы) - адамға өте қауіпті вирустардың бірі. АИТВ иммундық жүйені зақымдайды, иммунитет жүйесі бұзылғаннан кейін адам, сау адамға қарағанда, кез-келген инфекцияның алдында дәрменсіз болады.
Қызылорда облысы бойынша АИТВ жұқпасының тұрғындар арасында жыныстық жолмен таралуы белең алып келе жатыр, атап айтқанда 84,6 пайызын қамтып тұр. АИТВ-жұқпасын жұқтырған адамдар санының 36 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Оған әйел ағзасының анатомиялық ерекшеліктері себеп болады. Нәресте жоспарлар алдында ерлі-зайыптылар міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі тиіс. Отбасы құрғаннан кейін әрбір әйел ана болуды армандайды. АИТВ жұқтырған әйелдердің де көпшілігі бала-шағалы болғысы келеді. Баланы дүниеге әкелу әр әйелдің құқығы. АИТВ жұқпасының анадан балаға берілу қаупі жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ оның жұқтыру қаупін  жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде медициналық көмекті уақытылы көрсетудің әсерінен вирустың анадан балаға   берілуін төмендетуге болады.
АИТВ-ға тексерілгенде «оң» нәтиже беруі әйелдерге үлкен соққы болып келеді. Өкінішке қарай, көптеген әйелдер «оң» нәтижені жүктілік кезінде өтетін қарапайым тексерулер кезінде біледі. Мұндай жағдайда оның иығына өз денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі ғана емес, сонымен қатар болашақ баланың денсаулығы мен тағдыры жүк болып ілінеді. Нәресте АИТВ-жұқтырған анасының антиденелерімен туылады. Анасының антиденелері балаларда 18 айда жойылады. Сол себепті бала ЖИТС орталығында есепте 12-18 ай тұрады. Кейбір аналарды бала жетім қалуы мүмкін деген ой толғандырады. Әрбір ата-ана мұндай маңызды мәселені дәрігерлердің иығына жүктей салмай, өзі шешім қабылдауы маңызды. Кейбір әйелдер жүкті болар алдында, не жүктілігін анықтаған жағдайда емін тоқтатуды қалайды. Бірақ бұл сұрақты егжей-тегжей талқылау керек. Әйел ем-дом шараларын үзбей жалғастыруы өте маңызды. Егер антиретровирусты терапияны тоқтатқан жағдайда, вирустық жүктеменің тез қалыптасуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ол анадан балаға берілу қаупін жоғарылатады.   Жүкті әйелдің денсаулығын қадағалауда акушер-гинеколог дәрігерлермен, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мамандары бірігіп қызмет атқарады. Сонымен қатар  емшекпен емізу кезінде жұқтырудың қаупі жоғары  болады. Вирус АИТВ-жұқтырған ананың емшек сүтінде де анықталған. Сондықтан АИТВ-жұқпасы емшекпен емізу үшін қарсы көрсеткіш болып табылады. Жүктілігінің соңғы аптасында жүкті әйелді қатаң бақылауға алып, жоспарлы ота жасалады. 
Статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртсек  Қызылорда облысы бойынша өсіммен алғанда АИТВ инфекциясына тексерілген әйелдердің ішінде 15 жүкті әйелде қан талдау қорытындылары «оң» нәтиже берді. АИТВ-жұқтырған  9 әйел ана атанып, дүниеге нәресте әкелді. 7 бала  АИТВ-жұқтырмағандығы нақтыланып, есептен шығарылды. 2 бала 18 айға толмағандығына байланысты бақылауда  тұр. «АИТВ-жұқпасы диагнозы қойылған жас әйел өзінің  дүниеге дені сау бала әкеле алатыны жайында» сұрақ мазалайтыны айқын. Өмірге дені сау нәресте әкелу үшін, ем  қабылдап жатқан кезден бастап, жоспарлы түрде біздің орталығымыздың дәрігерлерінің кеңесіне сүйену керек. Әрине, АИТВ дәрежесі бар әйелдің 95-98 пайыз жағдайда дені сау баланы туу мүмкіндігі бар. Ол үшін әйел жүктілігінің 14 апталығынан бастап вирусқа қарсы терапияны қабылдап, дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындауы тиіс. 


ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес

орталығының емдік-көмек бөлімінің меңгерушісі
Утегенова Шолпан Женисбековна