АИТВ  инфекциясы  тек халық денсаулығына ғана емес, экономикалық әл-ахуалға да  кері әсерін тигізері сөзсіз. Себебі, АИТВ/ЖИТС мәселесі қоғамның барлық саласына өз әсерін тигізуде, инфекцияны  педагог те, дәрігер де, жас пен кәрі де жұқтырып алуы мүмкін. Қазiргi таңда елiмiздiң үштен бiр бөлiгiн құрап отырған жастар мен жасөспiрiмдер бiздiң ертеңгi жарқын болашағымыздың мұрагерлерi. Ендеше жаңа өмiрдiң куәгерлерi жаңаша ойлай бiлуi шарт. Ол үшiн бiз әрбiр жастың бойына ар мен ұят, адамның рухани байлығы, отан мен ата-ана, жанұя алдындағы борыш деген сияқты  iзгiлiк қасиеттердi  қалыптастыра бiлуiмiз қажет.  Бiздiң егемендi елiмiз өзiнiң қазба байлықтары мен ғана емес, адамгершiлiк құндылығы жоғары, саналы ұрпақтың сапалы тәрбиесiмен де даралана бiлуi тиiс. Қазiргi кезең талабы да сол  бiлiм мен салауатты өмiр сүрудi күнделiктi өмiрiмiзге енгiзудi қажет етедi. Әйтседе, бүгiнгi таңдағы адамның, соның iшiндегi жастардың рухани құлдырауы салдарынан неше түрлi жұқпалы аурулар мен нашақорлықтың, СПИД жұқтырғандардың саны күн санап дендеп келе жатқаны жасырын емес. Соның iшiнде АИТВ инфекциясының  iндеттiк ахуалы жылдан жылға күрделене түсуде.
Соңғы мәліметтерге  сүйенсек,  республикада 26670 АИТВ жұқтырған тіркелген. Қазақи қаймағы бұзылмаған деп есептелетін біздің облысымызда инфекция шыққан сәттен бері 102 адам АИТВ инфекциясымен есепке алынды. 15-20 жылдай бұрын табалдырығымыздан  сығалаған індет қазір ауылдық елді мекендерге де жетті. Оған дәлел -облыстағы аудандардың барлығында АИТВ жұқтырғандардың тіркелуі. 
АИТВ инфекциясы тек үш жолмен, яғни АИТВ-сы бар адаммен қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде, қан арқылы (оның ішінде шприц, залалсыздандырылмаған медициналық құралдар)  және анасынан баласына жүктілік кезінде, босанғанда немесе емізгенде беріледі. Бұл жұқпаның  тұрмыстық жағдайда жұқпайтыны белгілі. Сондықтан, АИТВ жұқтырғандарға байланысты  алалау, кемсіту, таңба басу сияқты  теріс көзқарас қалыптастыруға болмайды. Барлық азаматтар секілді олардың құқықтары толық қорғалған. 
Инфекцияның алдын алу  мақсатында  қомақты қаржылар жұмсалып жатқанымен әзірге  нақты нәтижеге қол жете қойған жоқ. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін алдын ала егетін вакцина немесе  дертті толық жазатын, яғни ағзаны вирустан толық тазарттатын дәрі дәрмек табылмауының өзі аурудың алдын жұмыстарының қаншалықты маңызды екендігін білдіреді. 
Осыған орай, жыл сайын қараша-желтоқсан айларында Бүкіләлемдік  ЖИТС-ке қарсы  күрес кампаниясы жарияланады. Алғаш рет бұл іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымымен 1988 жылы бірінші рет 1-желтоқсан Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы  күрес күні ретінде аталып  өтілді. Сол жылдан бастап мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, сонымен  қатар әр түрлі серіктестіктердің атсалысуымен Дүниежүзінің барлық елдерінде АИТВ/ЖИТС-ке қарсы әр-түрлі іс-шаралар өткізілетін болды. Ал 1999 жылдан бастап 1-желтоқсан  Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясы болып өзгертіліп, әр жылдың соңғы тоқсанында АИТВ/ЖИТС-тың алдын алуға байланысты науқан жарияланып, әр түрлі алдын алу іс-шаралары өтіледі. СПИД-ке қарсы күрес кампаниясы әр жылдарда әр түрлі тақырыппен аталып өтіледі. Мысалы,  
1991 жылы "Бәріміз СПИД-ке қарсы тұрайық”
1992 жылы "СПИД және қоғам жауапкершілігі”
1994 жылы " АҚТҚ/ЖҚТБ және семья”
1996 жылы "Ортақ жер шарында –ортақ үміт”
1999 жылы "Тыңдаңдар, үйреніңдер, өмір сүріңдер”
2000 жылы  "ЖҚТБ. Көп нәрсе ерлерге байланысты.
2011-2015  жылы Мақсатты бағытымыз – нөл.  Жаңа  АИТВ-инфекциясы  – нөл. Кемсіту – нөл, ЖИТС зардаптарынан болатын өлім-жітім – нөл» ұрандарымен өткізілді. 
Биылғы жылғы кампанияның ұраны «Мен АИТВ-ң алдын алуды қолдаймын!» болып бекітілді. Кампанияның мақсаты - Қоғамда АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдарға алалау, кемсіту, бөлу секілді көзқарастарды болдырмау;
-  АИТВ/ЖИТС жайында түсініктерін кеңейту  үшін қажетті мәліметтер беру;
-  Дертті жұқтырып алған адамдарға медициналық жәрдем беру;
- АИТВ/ЖИТС жұқтырғандарға психологиялық-әлеуметтік-моральдік көмектің көрсетілуіне ықпал жасау;
- АИТВ/ЖИТС проблемасына халықаралық, отандық, үкіметтік емес мекемелерді тарту, конвенциялармен, демеушілермен бірігіп жұмыс жасау;
- Халықтың осал топтары үшін жасалатын арнайы бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету.
Кампания кезінде облыста жастар мен жасөспірімдері, олардың арасынан дайындалған еріктілерді тарта отырып, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдалана отырып, оқу орындарында, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде, бизнес құрылымдарда, жалпы тұрғындар арасында барлығы  1900  әртүрлі форматта (акциялар, кездесулер, спорттық жарыстар, кештер, тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер) іс-шаралар жүргізілді.
Жалпы халықты, жастар мен жасөспірімдерді  АИТВ ифекциясынан сақтандыру үшін бір ғана медицина емес, барлық қоғам құрылымдары болып бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығара жұмыс атқарғанда ғана  нәтиже болары сөзсіз. Медицина қанша күш салғанымен  әрбір азамат  өзін инфекциядан сақтандырмаса, немесе сақтануға құлқы болмаса инфекцияны жұқтырары сөзсіз. Өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда, инфекциядан сақтана білейік. 

 

Смағұлова Нұргүл - ЖИТС-тың алдын алу және оған
қарсы күрес жөніндегі орталықтың педагогы